Шардара ауданын Арман Қарсыбаев басқарады

0
84

Елімізде алғаш рет пилоттық режимде өткен аудан әкімдері сайлауының қорытындысымен Шардара ауданының әкімі болып ҚАРСЫБАЕВ Арман Роман-ұлы сайланды. Өңір басшысы бұған дейін ауданды басқарған Қайрат Жолдыбайға ауданның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі. Бұл туралы «Оңтүстік Қазақстан»басылымы жазды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан активіне жаңа басшыны таныстырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген міндеттерді іске асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды. Аудан экономикасын дамыту бағытында жаңа өндіріс орнын ашу, инвестиция тарту, халықпен тығыз жұмыс істеу, ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға басымдық беруді міндеттеді.
«Шардара – елімізде балық шаруашылығы дамыған бірден-бір аудан. «Шардара» су қоймасы – еліміз үшін стратегиялық нысан. Ауданның потенциалы жоғары. Сізден тың идеялар, жаңа бастамалар күтеміз» деді Дархан Сатыбалды.
Арман Қарсыбаев 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Алматы қаласындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын экономист мамандығы бойынша бітірген. 2006 жылы Шымкент әлеуметтік педагогикалық университетін Дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша, 2009 жылы Шымкент қаласындағы «Мирас» университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2001 жылы Шардара аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып бастаған. 2006-2018 жылдар аралығында Шардара аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, 2018-2020 жылдар аралығында Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметінде болды. 2021-2023 жылдар аралығында Шардара аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған. 2023 жылдың наурыз айынан бастап Шардара аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқарып келді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу