Түркі универсиадасы жалауын көтерді

0
206

Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында ІІ Түркі универсиадасы өтіп жатыр. Осы орайда «Керуен сарай» кешеніндегі «Show arena» ғимаратында бауырлас елдер спортшыларының басын қосқан дүбірлі доданың ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Аталған жиында түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ыстық лебізін білдіріп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды түркі елдерінің басын қосқан спорт додасының маңызды екенін атап өтті.

– Түркі әлемінің рухани астанасы, қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Өздеріңізге құшағын ашып, көңілін жайып отырған қаламыз – ежелден түркі әлемінің маңызды орталығы болған. Бүкіл түркі дүниесіне әйгілі ойшыл, ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауи осы шаһарда өмір сүрген. Түркістан бірнеше ғасыр Қазақ хандығының астанасы болды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында қазақтың 21 ханы, сұлтандары мен батырлары жерленген. Бүгін осы қасиетті топырақта бауырлас елдерімізді қарсы алу біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Түркі елдерінің екінші универсиадасы жоғары деңгейлі халықаралық жарысқа айналып отыр. Бүгін түркі әлемінің 6 мемлекетінен талантты спортшылар жиналды. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін! Сіздер сан ғасырлар әлемді мойындатқан Ер түріктің ұрпағысыздар! Осыдан 3 күн бұрын елордамыз Астанада түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті өтті. Оған түркі мемлекеттерінің басшылары қатысып, бауырлас елдер арасындағы татулықты нығайту жолында маңызды шешімдер қабылдады. Екінші Түркі универсиадасының да мақсаты – осы. Біз барлық бауырлас елдермен жан-жақты қарым-қатынасты нығайту үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Түркі елдерін жақындататын ауқымды жобаларды жалғастырамыз. Баршаңызды универсиаданың басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Біздің жастарымыз әлемдік жарыстарда әрқашан жеңіске жете берсін! Түркі әлемі жасай берсін! – деген Дархан Сатыбалды жарысты тарихи шаһарда өткізуге қолдау көрсеткені үшін түркі мемлекеттері ұйымы мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығына алғысын білдірді.
Салтанатты іс-шара аясында алдымен «Спорт, спорт» хореографиялық театрландырылған композициясы көрермен назарына ұсынылса, «Ынтымақ мекені» хореографиялық театрландырылған қойылым арқылы түркі мемлекеттерінің бірлігі насихатталды. Сонымен бірге өңірдің талантты өнерпаздары «Қазақ елі осындай», «Түркістан», «Ақ қурай», «Тұран даласы» әндерімен көпшіліктің делебесін қоздырды.
Атап өтсек, тарихи шаһарда өтіп жатқан бұл сайыста Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Мажарстан және Қырғызстан елдерінің 500-ге жуық спортшысы бақ сынауда. Олар шахмат, үстел теннисі, волейбол, дзюдо, футзал, грек-рим және еркін күрес спорт түрлері бойынша жүлделерді сарапқа салады. Сайыстар «OLIMPIC CENTER» спорт кешені мен Қ.А.Ясауи атындағы халық-аралық қазақ-түрік университетінде өтіп жатыр. Түркі универсиадасы 10 қарашаға дейін жалғасады.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу