АНКАРАДА «ҰЛЫ ДАЛА АЛТЫНЫ» АТТЫ КӨРМЕ АШЫЛДЫ

0
40

Анкарадағы Анадолы өркениеттер музейінде «Ұлы дала алтыны» атты көрме ашылды,-деп хабарлайды «Қалам.kz» ақпарат порталы «24kz» телеарнасына сілтеме жасап.

Оған қазақстандық археолог Зейнолла Самашевтің Шығыс Қазақстан аумағында жүргізген қазба жұмыстары кезінде Берел, Шілікті, Елеке сазы қорғандарынан табылған 25 мыңнан астам жәдігер қойылған. Игі шара облыс әкімдігі, Түркиядағы Қазақстан елшілігі мен Түрік тарихы және мәдениеті қорының қолдауымен ұймдастырылып отыр.

Анкарада туристер ең көп баратын мұражайда ашылған көрме тарихшы қауыммен бірге қарапайым адамдардың да ерекше қызығушылығын тудырды. Бірегей артефактілерден тұратын экспозицияға сақ өркениетінің тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылған. Көрмедегі мұралар ата-бабаларымыздың тау-кен өнеркәсібі мен металлургия, ауыл шаруашылығы салаларын терең меңгергендігін көрсетеді. Қазба жұмыстары кезінде табылған алтын заттарға қарап, зергердің асқан шеберлігін, көшпенділердің темірді ерте заманда-ақ жақсы өндіргенін байқауға болады.

Бұл көне түркі тарихына қызығатын жандар үшін таптырмас көрме. Ал ғалымдарға құнды жәдігерлерді өз көзімен көруіне үлкен мүмкіндік. Мұндай іс-шаралар екі халықтың бір-бірін жақынырақ тануына көмектеседі.  Сондықтан осындай көрмелер көптеп ұйымдастырылып тұрса деймін,- деді Бозог университетінің оқытушысы Мехмет Кутлу.

Көрмеге келушілер назарына Зейнолла Самашевтың Берел қорғанынан тапқан жәдігерлері ұсынылған. Олардың арасында қайта қалпына келтірілген Берел жылқысы (б.д.д. IV-III ғ.) мен былтыр Тарбағатайдың Елеке сазынан шыққан «Алтын адамға» тиесілі құнды дүниелер бар.

Біз Алтай түркі халықтарының алтын бесігі деп айтамыз ғой. Жан-жаққа үлкен кеңістікке тарап кеткен халықтардың бірақта солардың түпкі тамыры қалай екенін көрсетіп, расындағы біздің ата- бабаларымыз сол жерде өмір сүрген екендігін тарихи археолониялық жәдігерлер арқылы көрсету бір жағынан сол осы жергілікті тұрғындарға екінші жағынан Түрік халқы Республикасының 100 жылдығын тойлап отыр. Соған осы Алтайдан алып келіп отырған сыйымыз, тартуымыз деген оймен келіп отырмыз,-деді  археолог Зейнолла Самашев.

Анадолы өркениеттер мұражайы директоры осы көрме арқылы құнды жәдігерлерді Түркия ғана емес бүкіл әлемге танытуға мүмкіндік мол екенін айтады. Түркия Республикасының құрылғанына 100 жылдығына орайластырылған шарада Зейнолла Самашевтың “Көне түркі бейнелеу өнері” атты кітабы түрік тілінде жарық көрді. Түріктің тарих және мәдениет қоры басып шығарған еңбекте түрік қағанаттары тарихына қатысты деректер қамтылған. Көрме көрем деушілер үшін тегін және ол қаңтар айының соңына дейін жалғасады.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу