САРБАЗДАРДЫҢ НЕСИЕЛІК ТӨЛЕМІ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ

0
32

Қазақстанда 5 мыңнан аса сарбаздың 1 млрд 875 млн теңге көлеміндегі кредиттік төлеміне демалыс берілді, — деп хабарлайды «Қалам.kz» тілшісі Қорғаныс министрлігі мәліметіне сілтеме жасап.

Қорғаныс министрлігі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде борышын өтеп жүрген әскери қызметшілерге банктік қарыздар мен шағын несиелік төлемдерін кейінге қалдыру тәжірибесі реттелген.

«Қазіргі кезде 5 мыңнан астам сарбаздың 1 миллиард 875 миллион теңге несиесі кейінге қалдырылды. Қазіргі уақытта банктер мен микрокредиттік ұйымдарда 1,6 миллирад теңге сомасына 5 мыңға жуық әскери қызметшінің өтініштері қаралу үстінде.

Одан бөлек қорғаныс ведомствосының бұл бастамасы заң жүзінде бекітуді және мүдделі ұйымдардың бірлескен техникалық шешімін талап етеді», — делінген хабарламада.

Қорғаныс министрлігінің сарбаздары үшін әлеуметтік қолдау шараларын заң тұрғысында реттеу мақсатында «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» ҚР Заңына 50-1-бапты енгізуге бастамашы болған. Заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу