ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КИІЗ ҮЙ ЖАСАЙТЫН ШЕБЕР БАР

0
104

Қазақтың жайлы баспанасы киіз үйді жасау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Тез құрылып, тез жиналатын құрылымы мен сән-салтанатының ерекшелігін әлем ғалымдары мойындаған. Түркістан облысында киіз үй жасап, ата дәстүрді жалғастырып отырған отбасы бар. Ықшам әрі жеңіл баспанаға шаруалар көп тапсырыс береді,- деп хабарлайды «Қалам.kz» ақпарат порталы.

Бесқұбыр ауылының тұрғыны Қарабай Құрбаев киіз үй жасаумен 2 жылдан бері айналысады. Айтуынша, әкесі ер-тоқым шауып, сандық жасаған шебер кісі болыпты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бірнеше жыл басқа кәсіптің басын қайырған ол соңында ата кәсіпке бет бұрған. Үйінен шағын цех ашып, киіз үй жасап жүр. Қазір 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«2 ай болды Өскеменнен келіп, тапсырыс беріп жатыр. 8 қанатты 20 үйге. Оны осы 2024 жылғы көктемге дайындаймыз. Ағашты қазір қырқуға болмайды, көктемге дайындаймыз. 2 жылда 150-дей киіз үй жасадық. Көбіне  қойшылар мен диқандар алады»,- дейді шебер Қарабай Құрбаев.

Ұста киіз үйді қарағаш пен көк талдан жасайды. Ағашты ауыл тұрғындарынан сатып алады. Себебі киіз үйге қажетті ағаш ауылдағы кез келген үйде өсетінін айтады. Бағасына келісіп, кеседі. Сосын өзі қолдан жасаған мына пештің ішіне салып, әбден бумен қыздырады.

«Осыған су құйып, астынан от жаққан кезде ішіне бу толады да ағашымыз жібиді. Игенге, майыстырғанға оңай болады. Будың ішінде 2 сағаттан 4 сағатқа дейін тұрады. Шыбық жіңішке болса, 2 сағат, жуандау болса, 4 сағат тұрғызамыз. Майыстырғанда сынып кетпейді»,-дейді шебердің көмекшісі Абай Жалғасбекұлы.

Қазір ағаш кесетін түрлі қондырғылар бар. Бірақ шебер киіз үйге қажетті ағаштың барлығын бірде-бір заманауи құрылғыларды қолданбай, өзі қолдан жасаған дүниелермен істейді. Қазір кәсіпкер киіз үйдің тек сүйегін ғана жасайды. Енді «Ауыл аманаты» жобасының 6-шы бағыты бойынша 2,5%-тік несие алып, барлық керек-жарағымен дайын күйінде сатуды жоспарлап отыр. Оны келіншегі іске асырмақ. Сөйтіп, отбасылық кәсіп иелері киіз үйді демалыс орындары арқылы шетелдік туристерге көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттамақ.

«Осы ауылдағы қолөнері бар тігін тігетін, ою оятын, құрақ құратын қыз-келіншектерді жинап, шағын цех ашып, киіз үйді әбзелдерімен толықтай жасау. Туризм орталықтарын ашып жатыр ғой таулы аймақтарда. Сол жерде таспен салғанша қазақ үйді қонақ үй ретінде жасап көрсетсе, керемет дүние болар еді»,- дейді шебердің жұбайы Мөлдір Бегалықызы.

Жалпы Түркістан өңірінде киіз үй жасайтын бірнеше шебер бар. Олардың кейбірі биыл «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көрді. Жеңілдетілген несиеге құрал-жабдықтарын жаңалады. Айта кетейік, биыл облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында 19,8 млрд теңгеге 3 256 жоба қаржыландырылып, 3517 жұмыс орны ашылды.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу