АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА 44 МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

0
71

Ақтөбе облысында алдағы екі жыл ішінде апатты және үш ауысымды мектептер мен білім ұяларында орын тапшылығы мәселесін жою көзделіп отыр,- деп хабарлайды «Қалам.kz» ақпарат порталы.

Ол үшін өңірде 44 жаңа нысан салынбақ. Оның жартысына жуығы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтереді. Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №66 орта мектеп 6 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген еді. Алайда қазір қаладағы оқушысы көп білім ұяларының қатарында. Екі ауысым бойынша 1 200 бала оқуы тиіс мектепке, бүгінде қосымша 400 оқушы келіп жүр. Орын тапшылығына байланысты кейбір пәндердің зертханалары оқу бөлмесіне айналған.

«Біздің осы маңызды мәселеміз шешіледі деген ойдамын. «Бауырластар-3» елді мекенінде қазіргі таңда мектеп бой көтеруде. Әрине, бұл мектеп біз үшін өте жақсы жаңалық. Ол мектеп іске қосылған жағдайда №66 мектепте білім алып жатқан Бауырластар-3 елді мекенінің балалары толықтай сол жаққа ауысады деген ойдамыз»,- дейді мектеп директоры Задагүл Қалыбаева.

Бұдан бөлек, 5 апатты және 4 үш ауысымды мектеп бар. Бұл проблеманы жою үшін нақты жоспар бекітілген. Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, 2025 жылға дейін жаңа 44 мектептің құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда «жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу көзделіп отыр. Мектептер ұлттық қор және облыстық бюджет есебінен салынады.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу