ШАХМАТТАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚР ЧЕМПИОНДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

0
64

Түркістанда шахматтан жас өспірімдер арасындағы Қазақстан чемпиондары анықталды,- деп хабарлайды «Қалам.кz» ақпараттық порталы.

Ала тақта додасына еліміздің әр өңірінен 14, 16 және 18 жасқа дейінгі 400-ден астам ойыншы қатысты. Спортшылардың 130-ы қыз, 274-і ұл. Ойыншылар 10 күн бойы шахматтың классикалық, рапид және блиц түрінен бақ сынады. Жас спортшылардың арасында әлемдік додаларда топ жарған шахматшылар да бар. Соның бірі — Астаналық Айару Алтынбек. Ол өткен жылы Грузияның Батуми қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарып, 12 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы атанған.

«Шахматты маған 7 жасымда ағам үйретті. 5 жылдан бері ойнаймын. Қалалық чемпионатта 1-ші орын алып, Қазақстанға өттім. Мен 12 жастамын. Бірақ бүгін 18 жасқа бағымды сынап келдім, 1-ші орын алдым»,-дейді Айару Алтынбек.

Мамандар турнир тартысты өткенін айтады. Әсіресе, бұрын шахматтан көзге түсе бермейтін өңірлердің жеңісімен ерекшеленді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 5,5 млн теңге. 18 жасқа дейінгі қыздар арасында классикалық ойын түрінен Астаналық Айару Алтынбек топ жарды. Екінші орын Ақмола облысынан келген Жанбота Қамаровға бұйырды. Жүлделі үшінші орынды Қарағандылық Кристина Попандопуло еншіледі. Ал ұлдар арасында Астаналық Нұрлыхан Құдайберген мен Тимур Кеңбейілов 1-2-ші орын өзара бөліссе, Алматылық Ораш Шоназаров үшінші орынды иеленді.

«1-ші орын алған балаларымыз келесі жылы Бразилияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. 2 орын алғандар Азия чемпионатына жолдама алды. 3,4,5-ші орын алғандар халықаралық жарыстарға жолдама алды»,-дейді шахматтан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Дастан Исатайұлы.

Қыздар арасында классикалық шахматтан ел чемпионы Зарина Нұрғалиева ұлдармен де сынға түсіп, тамаша нәтиже көрсетті.

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу