ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰЛПЫНАЙ ЕРЕКШЕ ТЕХНОЛОГИЯМЕН ӨСІРІЛЕДІ

0
19

Сарыағаш ауданы Тегісшіл ауылдық округі, Мәдениет елді мекенінде жаңа технологиямен құлпынай өсіріліп жатыр,- деп хабарлайды «Қалам.кз» порталы. 

Жеке кәсіпкер жылыжай шаруашылығын дамытуға заманауи технологияны енгізіп, құлпынай өндірісін қолға алған.  Жылыжайдың ерекшелігі сол – мұнда мүлдем жылу құбырлары жоқ. Есесіне жылыжайдың үстіне суық өткізбейтін арнайы көрпе жабылған. Сыртта -30 градус аяз болып тұрса, іште 10-12 градус жылы болып тұрады. Жылыжай жылуды күн көзінен алады. Құлпынай күн сәулесінен қуат алып, өседі.

Жобаның инвестициялық құны — 300 млн теңге. Мұнда 15 адам тұрақты, 40 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Қожалық иесі 3 жыл ішінде кемі 50 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.

Жеке кәсіпкердің кәсібімен танысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды  Тегісшіл ауылдық округі жаңа жұмыс орындарымен толығып жатқанына ризашылығын білдірді.

Сарыағашта құлпынай өсірушілер қатары жыл сайын артып келеді. Алғашында қызанақ, қияр егуден бастаған шаруа қожалықтар  бүгінде істің қыр-сырын терең меңгеріп, құлпынай егуді қолға алған.  2023 жылы Түркістан облысындағы  250-ден астам  шаруақожалық орташа есеппен  1 мың тонна құлпынай өнімін алды. Дегенмен Қазақстан әлі де, Қырғыстан мен Өзбекстаннан келетін имортқа тәуелді. Отандық нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз ету үшін аянып қалмаймыз,-дейді кәсіпкер.

Айта кетейік,  Сарыағашта құлпынайдың келісі орташа  есеппен 800 теңгеден сатылуда.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу