30 МЫҢ СӘБИДІҢ КІНДІГІН КЕСКЕН ДӘРІГЕР

0
186

Фото: жеке мұрағаттан

«Перзентхананың тірі бренді». Түркістан облысы Сайрам аудандық орталық ауруханасының акушер-гинекологы Кенжебек Байғондиевті жергілікті халық осылай атайды. Олай атауының да өз себебі бар. Өйткені білікті дәрігер ауруханаға қиын жағдайда келген көптеген аяғы ауыр әйелді аман-есен босандырып алған,-деп хабарлайды «Қалам.кз» порталы. 

Кенжебек Байғондиев перзентханаға түскен әрбір әйелге ерекше ықыласпен қарайды. Толғақ қысып, босанайын деп жатқандарына жылы сөзімен күш-жігер береді. Өзіне деген сенімділігін арттырады. Нәтижесінде көптеген әйелдер қорқынышын жеңіп, жеңіл босанып жататынын айтады. Білікті дәрігер «Бұл білім мен тәжірибенің жемісі»,- дейді. Себебі ол бұл ауруханада 35 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында мыңдаған аналарды аман-есен босандырып алған.

«Одан бері мінекей 15 мыңдай ұл, 15 мыңдай қыздың кіндігін кесіп, «кіндік ата» атанып жатырмын. Сол кездегі қабылдаған нәрестелеріміз қазір өздері ата-ана болып, осында бөпелі болуға келіп жатады. Алғсын айтып, ыстық ықыласын білдіріп жатыр. Жыл сайын 4 мыңдай әйел босанып, үйлеріне оралуда. Соның ішінде 600-700 әйел кесір тілігімен босанады. Басқа көрші ауданның әйелдері келіп, босануға өтініш жасап жатады»,- дейді акушер-гинеколог Кенжебек Байғондиев.

Кенжебек Байғондиев босандырған әйелдер екінші мәрте ана атанатын кезде де оны перзентханаға өздері іздеп келіп жатады. Себебі қолы жеңіл, тәжірибесі мол дәрігердің біліктілігіне сенеді.

«Бұл ағайым менің 2-ші перзентімді өзі тудырып, кіндіктерін кескен. Қолы жеңіл, енді міне тағы келіп отырмын 5-ші презентімде. Оны да босандырып қарап жатыр. Мың рахмет сізге, ағай! Ешқашан аурымаңыз»,- дейді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Гүлмира Тойханова

.Ауруханадағы дәрігерлердің бәрі өздерін Кенжебек Құдайқұлұлының шәкірттеріміз деп есептейді. Себебі жас маман болып кезде барлығын қанатының астына алып, білгенімен бөліскен.

«Осы перзентханада жұмыс істегелі сол кісінің шәкіртіміз. Алғашқы операция жасауды, босану кезіндегі асқынуларды болдырмауды бәрін осы кісіден үйрендік. 20 жылдан бері бізді жетектеп жүреді қоластында»,- дейді акушер-гинеколог Болсынай Сералиева.

Білікті дәрігер қазір жас аналардың бойындағы бала салмағының өсіп кетуі жиі кездесетінін айтады. Оған себеп – әйелдердің ақ ұннан жасалған тәтті тағамдар мен газды сусындарды көп тұтынуы. Қимыл-қозғалыстың жоқтығы дейді.

«Соңғы кезде әйелдерде симфизиопатия, люмбалгия деген, жамбас сүйектерінің буындарының босауы көптеп кездесуде. Бұрын өте аз болатын. Өйткені газды сусындарды ішкенде сүйек құрамындағы кальций тұзды шайып, зәрмен сыртқа бөлу көбеюде. Сол себептен операцияға түсіп қалып жатқан жағдай көп. Газды суды аз қабылдауға, табиғи таза сусындарды ішуге кеңес береміз»,- дейді акушер-гинеколог Кенжебек Байғондиев.

Тәжірибелі акушер-гинеколог биыл 63 жасқа толып, зейнетке шығады. Көп жылғы бейнетінің зейнетін көрмек. Алайда аудан халқы ақ халатты абзал жанның әлі де жұмыс істей беруін қалап отыр.

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу