ДЗЮДОДАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

0
218

Түркістанда дзюдо күресінен жасөспірім арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды,- деп хабарлайды «Қалам.кз» порталы. 

Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыстан барлығы 820 жас татами шебері қатысуда. Елшілік додада 8 салмақ дәрежесінде ұлдар белдессе, 8 салмақ дәрежесінде қыздар мықтыны анықтайды. Түркістан облысы дзюдо федерациясының президенті Хамитдин Жарқынбеков осындай ел чемпионаттарының өңірде өтуі жастардың спортта шыңдалуына көп септігін тигізетінін атап өтті. Дзюдо күресінен еліміздің жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушысы Мейірлан Баймаханбетов, жарысқа қатысушы барлық спортшылар жоғары дайындықпен келіп, татами төрінде тартысты белдесулер өткізетініне сенім білдірді. Жарыстың алғашқы күнінде ұлдар 50, 55 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде күш сынаса, қыздар 40,44,48 келі салмақта шеберліктерін шыңдады. Түркістан топырағында алғаш рет өткізіліп отырған балуандар бәсекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Айта кетейік, жарыс 27 ақпанға дейін жалғасады.

«Осы жарыстан жеңімпаз болғандар ұлттық құрамаға ілінеді. Алдағы Әлем, Азия чемпионаттарына іріктеу болады. Оған дейінде біз де кубок Азия, Еуропа кубоктары бар. Сол жерде бақ сынайды. Сол жерде кім жақсы өнер көрсетеді, кім жақсы күреседі. Солар Әлем, Азия чемпионатына барады»,- дейді еліміздің жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушысы Мейірлан Баймаханбетов.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу