БИЫЛ САУРАН АУДАНЫНДА 18 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ
Сауран ауданында биыл 37 млрд. теңгеге 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр,- деп хабарлайды «Қалм.кз» порталы.
Нәтижесінде жаңадан 800-ден астам жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы аудан әкімі Мақсат Таңғатаров мәлімдеді.
Аудан экономикасының жандана түсуіне түрткі болатын жобалар қатарында «Turkistan Fruit» ЖШС-ң жеміс шырыны өндірісі бар. Жоба құны — 4,5 млрд. теңге, онда 54 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ, Шорнақ ауылынан қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоқыс қапшығын өндіретін «Sauran Plast» өндірістік кешені бар.
Бұдан бөлек, Шойтөбе ауылынан «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС-і жалпы қуаттылығы 20 МВт күн электр станциясының құрылысын бастамақ. Жоба құны — 8 млрд.теңге. Айта кетерлігі, ауданға қарасты Шаға ауылдық округінде «SAURAN» индустриалды аймағы құрылған. Онда тоқыма, тігін, құрылыс материалдарын өндіру, электроника және ұсақ машина жасау, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады.
Ауданда 7 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Шағын және орта бизнеспен өндірілген өнім көлемі былтыр 49,4 млрд. теңгені құраған. Биыл өнім көлемін 85 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.