ТҮРКІСТАНДА «ЯСАУИ ЖОЛЫ» ТАРИХИ ДРАМАСЫ САХНАЛАНДЫ

0
109
Түркістанда түркістандық философ, ислам уағызшысы, сопылық ақын Қожа Ахмет Ясауи жайлы – «Ясауи жолы» тарихи драмасының премьерасы өтті,- деп хабарлайды «Қалам.кз» порталы.
Қойылымды «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы аясында Ахмет Ясауи университетінің 3-курс студенттері сахналады.
Елімізге танымал театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Асхат Маемиров ізгі ниетін білдіріп, жас әртістердің қадамына сәттілік тіледі. Қоюшы режиссері – ҚР Мәдениет саласының үздігі Мақсат Айтжанов. Қоюшы суретші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Сраилов. Авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Жұмат Жолтай.
Қожа Ахмет Ясауи – түркі халықтарының ортақ рухани діңгегі. Еңбектерін түркі тілінде жазып, түркілерге білім мен иманды, адамгершілік пен мейірімді өз тілдерінде уағыздаған ғұлама.
Ахметтің ауыр да азапты өмірін көрсеткен бұл драмада – әділеттілік пен зұлымдықты, білім мен надандықты, мейірім мен қатыгездікті күрестіре отырып, ұлы ойшылды тарихи тұлға еткен мінезі бейнеленеді. Сондай-ақ Ясауидің бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы – «Диуани Хикметтің» жазылу тарихы, ақынның ауыр тағдыры және хан мен билердің әділетсіз шешімдерін өткір сынағаны көрсетілді. Қойылымда оның Ислам әлемін тек араб тілінде емес, түркі тілінде тануға болатынын дәлелдеген, өз ілімін үйретіп, шәкірт тәрбиелеген ұстаздық бейнесі тереңінен баяндалады.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу