«ВАЛЬС КОРОЛІ» АНШЛАГПЕН ӨТТІ

0
9
Түркістан музыкалық драма театрында IV маусым ашылды. Маусым шымылдығын Байділдә Айдарбектің «Вальс королі» спектаклімен түрілді. Төрт күнге жоспарланған премьера аншлагпен өтті. Жаңа спектакльді тамашалауға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысты.
Қойылым алдында театр басшысы Әлімхан Мырзахан Шәмші Қалдаяқовтың өмірі өрнектелген қойылым туралы пікірін білдіріп, көрерменді жаңа маусыммен құттықтады. Театрға келушілер Отырар ауданындағы Шәмші музей-үйінен әкелінген ән падишасының музыкалық аспаптарымен танысты. Спектакль кейіпкерлерін толығымен Түркістан музыкалық драма театрының төл актерлері сомдады. Театрдың жаңадан құрылған музыкалық ансамблі жанды дауыста сүйемелдеп, театрдың хор ұжымы Шәмші Қалдаяқовтың үздік әндерін орындады.
Аталған театр биыл сәуір айында Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық драматургия байқауын жариялаған еді. Бәйгеге түскен шығармалар ішінен Байділдә Айдарбектің «Ән-ғұмыр» атты пьесасы жүлделі болды. Театрдың көркемдік жетекшісі әрі идея авторы Шынар Омарова алдын ала өткізілген баспасөз жиынында халық қойған мәртебесін ұлықтау мақсатында автордың келісімімен қойылым атауы «Вальс королі» болып өзгертілгенін, басты мақсаты да қазақтың ән падишасын әлемге таныту екенін атап өтті.
Қойылым өте жоғары деңгейде болды. Композитордың сезімге толы шабытты шақтары, өмірдегі жан күйзелісі мен Отанға деген шексіз махаббаты шебер суреттелген. Түркістандық өнер ұжымы Шәмшінің Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Шаханов, Мұзафар Әлімбаев сынды танымал ақындармен шығармашылық байланысы көрермен жүрегіне жеткізе білді. Шәмшінің бозбала, жігіт, ел ағасы кезін сомдаған үш әртіс те жұртшылықты тәнті етті.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу