ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЖОБАСЫ ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛДЫ

0
9

Зымыранды ғарышқа ешқандай зиянды қалдықсыз ұшыруға болады. Мұны шымкенттк оқушылар ойлап тапты. Кішкентай ғалымдар ионды қозғалтқыштың үлгісін жасап, экологиялық тиімділігін дәлелдеген. Мектеп оқушыларының тағы бірі жаңбыр мен су тамшыларынан тұрмысқа қажетті электр қуатын өндіруге болатынын да көрсетіп отыр.

Мектептің 11-сынып оқушысы Мөлдір Исмаилдың ғылыми ізденісі баламалы энергия көзіне бағатталған. Ол суды үздіксіз тамшылату арқылы электр қуатын өндіруге болатынын дәлелдеді. Бұл мақсатта жартылай өткізгіш материал пайдаланылды. Теориялық ілім тәжірибеден өтіп, сәтті сыналды. Ғылыми жобаға физика пәнінің мұғалімі жетекшілік етті. Жалпы 4 жыл ішінде әлемдік тұжырымдарға талдау жүргізіліп, шағын генератор құрастырылды. Айтуларынша жаңартылған энергия көзі күн батареясынан алынатын қуатқа теңескен. «Ал жұмсалатын шығын салыстырмалы түрде анағұрлым аз», ­- дейді.

«Бұл жоба арқылы біз ұялы телефондарды қуаттай аламыз және жарық диодтарын жаға аламыз. Келешекте осы генераторды үлкейтіп, кеңейтіп тағы да көбірек қуат алғымыз келеді,»-дейді 11-сынып оқушысы Мөлдір Исмаил.

Мамандандырылған мектеп гимназиясы оқушыларының тағы бір жобасына физикалық теория арқау болды. Ақжүніс әртүрлі зарядталған денеге тоқ беру арқылы иондалған желді жеңіл заттың қозғалуына пайдаланды. Енді су бетінде сыналған жобаны ауа кеңістігінде тәжірибеден өткізбек. Жас ғалымдардың жетекшісі жобаларды жоғары жетістікке балап отыр. Қоршаған ортаға қалдық шығармайтындықтан экологиялық тұрғыда тиімді деп есептейді. Сонымен қатар пайдасы мен қажеттелігі туралы сала мамандарының мақұлдауын алғанын айтады.

«Барлығы осындай кішкентай дүниелерден басталып, жаңа жетістіктерге жол ашады. Кезінде электромагниттік толқындар арқылы ұялы телефон мен гаджеттер пайда болған. Сондықтан біз мұны нәтижелі бастама деп санаймыз. Болашақта жаһандық өзгерістер әкелуі де мүмкін,»- дейді қалалық №8 мамандандырылған гимназиясының физика пәнінің мұғалімі Юрий Грязнов.

Ғылыми жұмыстар халықаралық білім олимпиадасында плагиаттық тексерістен өткен. Сондықтан оқушылардың жобалары үздік деп танылып, екінші және үшінші орын берілді. Ал жас ғалымдар ғылым жолындағы ізденісін әлі де жетілдіре түсуге бекініп отыр.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу